Қазақстанның бірқатар өңірінде су басу қаупі әлі сейілген жоқ

Қазақстанның бірқатар өңірінде су басу қаупі әлі сейілген жоқ

Қазақстанның бірқатар өңірінде су басу қаупі әлі сейілген жоқ. Ақтөбе облысында өзен арналарының бойында құтқарушылар қорғаныш бөгеттерін орнатып, жағалауды құм салынған қаптармен бекітуде. Су деңгейінің көтерілуі Ойылдан басқа, Ор және Ырғыз өзендерінде байқалады.

Жолдардың шайылып кетуіне байланысты Ойыл және Қобда аудандарындағы үш елді мекенде әлі күнге дейін өзге қалалармен байланыс қалпына келтірілген жоқ. Ақтөбенің өзінде 9 саяжайды су басты. Эвакуация пункттерінде 114 адам бар. Қазір көшелер мен аулалардағы еріген қар суын кетіру, ағызу жұмыстары жүргізілуде.

Құмар Тұрмағамбетов, Облыстық ТЖД басқарма басшысы:

–  Соңғы 5-6 күнде ауа температурасы нөлден жоғары. Солтүстік аудандарда да түнгі температура нөлден жоғары болып тұр. Ол жерлерде де осы жағдай орын алып жатқан шығар. Қарау керек. Әр өзеннің өзіндік ерекшелігі бар. Қауіпті деңгейлері бар де бар. Сондықтан су деңгейі әлі арналарынан асып жатыр деуге келмейді.

Мамандардың айтуынша, облыста соңғы бес жылда осынша көп су болмаған.  Осы уақыт ішінде облыстағы үш ірі су қоймасы жартылай да толмаған. Бірақ биыл жағдай күрт өзгерді. Сазды су қоймасы ернеуінен асуға жақын қалды. Бұл өңір аграршыларын қуантып отыр.

Су тасқындарының алдын алу бойынша кешенді шаралар Солтүстік Қазақстан облысында да жүргізілуде. Ғабит Мүсірепов ауданында мұз кептелісі болуы мүмкін өзен-көлдердің учаскелерінде мұз қабатын жару жұмыстары  жүргізілді. Себебі жергілікті өзендерде тасқын кезінде су деңгейі бірнеше метрге көтеріледі.

Санат Мұқашев, Ғабит Мүсірепов ауданы ТЖБ басшысы:

–  Үш жерде мұз жару жүргізілді. Бұл шаралар жүргізілмесе, су деңгейі күрт көтеріліп жатқан жағдайда осы өзендердің бойында орналасқан елді мекендерді су басып қалу қаупі бар.

Аудандағы 11 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр. Егістік алқаптардан еріген судың келуінен бұл ауылдар да зардап шегуі мүмкін. Сондай-ақ, қауіпті аймақта Сарыкөл ауылының маңында құрылысы өткен жылы басталған көпір де бар.

Нұрлан Төребеков, Ғабит Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:

– Егістік алқаптары мен қыраттардан еріген су көпірді шайып кетуі мүмкін. Сәйкесінше, екі ауылдық округ облыс орталығымен байланыссыз қалу қаупі бар. Бұл Тахтаброд ауылдық округі мен Қырымбет ауылдық округі.

Су басу қаупі бар барлық өңірлерде құтқарушылардың мобильдік топтары тартылды. Мамандар қатерлі кезең аяқталғанша жұмыс істейді.