Қазақстанда жүк тасымалының көлемі артты. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында теміржол көлігімен жүк тасымалы 10% өсіп, 70 млн тоннадан асып түсті. Осы ретте транзиттік тасымал 20%, контейнерлік тасымал 12% ұлғайған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті. Ведомство мамандары бұл қарқын алдағы уақытта сақталып, көрсеткіштер кем дегенде 5 есе өседі деп болжайды.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Биыл алдымызда теміржолмен жүк тасымалы көлемін 420 млн тоннаға, транзит тасымалдарды 24,5 млн тоннаға дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінде транзиттік жүктердің шамамен 90% теміржол көлігімен тасымалданады. Жалпы еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасында айқындалған.
Министрдің айтуынша, 2025 жылға дейін транзиттік тасымал көлемін 30 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. «Ауқымды жоспарға қол жеткізу үшін Қазақстанда теміржол инфрақұрылымы жетілдіріліп, қозғалмалы құрам жаңартылады, балама бағдарлар мен халықаралық дәліздер дамытылады», – деді министр. Сондай-ақ Қайырбек Өскенбаев биылғы жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясы 1,5 мың жүк вагонын сатып алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Ал теңізбен жүк тасымалын арттыру шеңберінде, соның ішінде Транскаспий халықаралық бағыты аясында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының базасында «контейнерлік хаб» құрылып, сауда флоты жаңа паромдармен толықтырылады.