Қазақстан су тасқыны кезеңіне дайындықты бастап кетті. Еліміздің барлық өңірлерінде бір жарым мыңнан астам гидротехникалық құрылыстар тексерілді. Олар көктемде еріген қар суын қауіпсіз жіберуге дайын болуы тиіс. Барлық анықталған кемшіліктер жойылды.
Сергей Добрынин, ҚР Су ресурстары және
ирригация министрлігі гидротехникалық құрылыстар басқармасының бас сарапшысы:
- Сондай-ақ, 105 гидроқұрылысқа көп
факторлы зерттеу жүргізілуде. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20
нысанға артық. Бұдан бөлек, министрлік әкімдіктермен бірге елді мекендер
маңындағы су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерін санациядан өткізу бойынша
2025-2027 жылдарға арналған «Жол картасын» бекітті. 10 облыста 51 өзен учаскесі
мен 1 көл анықталды. Тазартылатын учаскелердің жалпы ұзындығы - 814 шақырым.
Су қоймалары мен басқа да гидроқұрылыстарды жаңғырту және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар өткен жылы басталды. Ақтөбе және Киров су қоймалары, «Ақсай» каналы қайта жаңартылды. Сонымен қатар еліміздің 16 өңірінде су тасқынына дайындық жұмыстары барысында 400-ге жуық бөгет жөнделді. Сондай-ақ, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы 84 елді мекенде гидротехникалық салу, реконструкциялау және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл 400 мыңға жуық адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

