Қазақстанның азаматтық авиация әлеуеті

Отандық әуекомпаниялар 32 елге 115 халықаралық бағыт бойынша аптасына 600 рейске дейін жүзеге асырады. Биыл 8 айда олар 8 млн 700 мың жолаушыны тасымалдады. Өсім былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26% құрады. Бұл туралы еліміздің Көлік министрлігінің бейінді комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тілегенов мәлімдеді.

Тимур Тілегенов, ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
-
Қатынау жиілігін арттыру үшін біз отандық компаниялармен бірлесіп әуе кемелерінің паркін толықтыру жоспарын әзірледік. Қазіргі таңда қазақстандық әуекомпанияларда 96 жолаушылар ұшағы тұрақты және коммерциялық тасымалдарды орындайды. Мәселен өткен жылы бізге 14 жаңа ұшақ жеткізілді. Ал ағымдағы жылы  13 әуе кемесін сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта елімізге олардың жетеуі келді. Осы жылдың соңына дейін тағы алтауы жетуі тиіс.  Жалпы, 2025 жылға дейін 26 әуе көлігін сатып алу жоспарланған. Нәтижесінде азаматтық авияция паркіндегі ұшақтардың жалпы саны 131-ге жетеді деп күтілуде.

Еліміздегі әуе айлақтары заман талабына сай кешенді түрде қайта құрылып, жаңғыртылып жатыр. Сала мамандарының айтуынша бұл ретте ірі шаһарларға ден қойылған. Олардағы нысандар жақында жолаушылардың үлкен ағынына қызмет көрсететін авиациялық транзиттік хабқа айналады. Қазір Алматыда жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жүріп жатыр. Оны 2024 жылы қолданысқа беру межеленген. Сонымен қатар, елордалық әуежайды жетілдіру мәселесі пысықталуда. Алдағы екі  жылда оның қызмет көрсету аясы еселеніп, жылына 10 миллион жолаушыны өткізуге қауқарлы болмақ.

Тимур Тілегенов, ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
-
Егер елдің транзиттік әлеуеті туралы айтатын болсақ, ондай жолаушылар жаһандық пандемияға дейін 1 млн жетті. Бұл ретте негізінен Үндістан мен Қытай азаматтарының үлесі басым. Олар өз елдерінен алдымен Астана немесе Алматыға жетіп, кейін біз арқылы Еуропаның өзге мемлекеттеріне жол тартады. Сондықтан қазіргі таңда Қытай және Үндістан елдерімен өзара әуе қатынасын арттыру үшін рейстер жиілігін көбейтіп жатырмыз. Осының есесінен транзиттік жолаушылар ағынын едәуір ұлғайтуға болады.