Innoprom көрмесінде қазақстандық павильонға қызығушылық мол

Астанада Innoprom Qazaqstan көрмесі жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, оған ТМД елдерінен 300-ден астам компания қатысып, өздерінің ең үздік деген әзірлемелерін көпшілік назарын ұсынып отыр. Сонымен қатар олардың өнімдерінің қолдану аясы да шағын авиациядан, жасанды интеллект пен медицинадан бастап, көлік, логистика және инфрақұрылымдық жобаларға дейін түрлі деңгейде. Сондай-ақ олардың қатарында еліміздің батыс өңірінде 2025 жылы іске қосу жоспарланып отырған теміржол рельстерін шығаратын зауыт та бар. Кәсіпорын ұзындығы 800 метр түйіспесіз шойын жолдарды дайындайды. Осылайша, еліміздің барлық теміржол желісі біртіндеп жаңартылады.

Елнұр Бейсембаев, Темір жол теміржол өндірісі кәсіпорынының директоры:
-Бұл түйіспесіз, жіксіз теміржол рельстері жолаушылар және жүк пойыздарының жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан Шығыс пен Батыстың арасында орналасқандықтан, осы әлеуетті пайдалана отырып, енді теміржол арқылы тасымалданатын жүктер Шығыстан Батысқа қарай жоғары жылдамдықта бұдан тез жеткізілетін болады. Сонымен қатар біз алдағы уақытта ТМД нарығына шыққымыз келеді. Сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан, Армения. Ресей Федерациясы елдерінің нарықтарына да өз тауарларымызды ұсынуды жоспарлап отырмыз.

Қазақстан павильонының бөлімдері көрме қонақтарын таң қалдыруды жалғастыруда. Әсіресе, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы ұсынған робот итке ерекше назар аударылды. Күзет қызметіндегі құлтемір Қытайда шығарылған, бірақ отандық ноу-хаумен толық жабдықталған. Ол күзетшінің функцияларын орындап, аумақты бақылай алады. Жоғалған адамдарды іздеп, тіпті жеткізу қызметін де атқарады. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі қызыл жалынның алдын алу мақсатында сатып алуды жоспарлап отырған дрондар да назарсыз қалмады.

Артур Мосендз, «Қазақстан инжинининг» ҰК азаматтық өндіріс және сату департаментінің директоры:
-
Біз Төтенше жағдайлар министрлігімен, нақтырақ айтқанда Өрт сөндіру қызметі комитетімен алғашқы жеткізілімдер бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі таңда 80 бірлікке жуық ұшқышсыз ұшу аппараттарына тапсырыс бар, оны осы жылдың соңына дейін жеткіземіз. Оның бірегейлігі мынада: бұл дрондар 4 сағатқа дейін ұша алады, сондықтан бір мезетте орасан зор  көлемдегі аумақты бақылауға мүмкіндік туады. Бүгінгі таңда бізде Қытайда да, Чехияда да серіктестеріміз бар. Сондай-ақ өзіміздің әзірлемелеріміз, ғылыми-зерттеу орталығымыз, өз инженерлеріміз бар. Осылайша, республиканың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге дайынбыз.