Грузияда қаза тапқан 26 жастағы Әсел Айтпаеваның мәйіті Қазақстанға жеткізілді. Марқұмның денесі елордалық әуежайда туыстарына тапсырылды. Жерлеу рәсімі Қабанбай батыр ауылында өтеді. Қызының мәйітін тану үшін Тбилисиге барған Әселдің анасы журналистермен әңгіме барысында марқұмның өз-өзіне қол жұмсауына сенбейтінін тағы да атап өтті. Әйелдің айтуынша, оның денесінде зорлық-зомбылықтың іздері табылған.
Еске сала кетейік, Әсел Айтпаева 5 мамырға қараған түні Грузияда белгісіз жағдайда қайтыс болды. Ол көпқабатты ғимараттың жоғарғы қабатынан құлады. Қайтыс болар алдында Әсел құрбысына аудиохабарлама жіберіп үлгерген. Онда белгісіз ер адамның қоқан-лоқы көрсеткен дауысы жазылып қалған. Тергеу әлі де жалғасуда.