Қазақстанның 15 әуежайы «Ашық аспан» тәртібінде жұмыс істейді

Қазақстанның 15 әуежайы «Ашық аспан» тәртібінде жұмыс істейді

Қазақстанда қолданыстағы «Ашық аспан» режимі кеңейтілді. Қазір бұл тізімде еліміздің 15 әуежайы бар. Енді Орал қаласы да дәл осы тәртіпке сай жұмыс істейтін болды. Шаһардың әуе айлағына бесінші дәрежелі «әуе еркіндігін» пайдалану құқығы берілді. Көлік министрі тиісті құжатқа қол қойды. Бұл ретте айта кетерлік жайт, бұл жүйе ең алдымен шетелдік әуе компанияларының Қазақстан қалалары арқылы үшінші елдерге шектеусіз ұшуына мүмкіндік береді. Бұған қоса елде «Ашық аспан» режимін енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, бәсекелестікті арттыруға және ішкі туризмді дамытуға ықпал етеді дейді, салалық министрлік. Еске салайық, бұл жұмыс ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстердің санын ұлғайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде жүргізілуде.

Жеңіс Ермұқанов