Қазақстандықтарға ЕО елдеріне виза рәсімдеу жеңілдетіледі

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымастықтың басымдықтары өзгерген жоқ. Бұл – «жасыл» экономикаға көшу және шикізатқа тәуелділіктен арылып, экономиканы біртіндеп әртараптандыру, заң мен құқықтың үстемдігін нығайту және азаматтық қоғамды күшейту. Аталған бағыттар бойынша жұмыс 2020 жылы наурызда күшіне енген кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында іске асырылып жатыр. Бұл туралы Орталық Азиядағы Еуроодақтың арнайы өкілі Петер Буриан айтты. Осыған байланысты Арнайы өкіл демократияландыру бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына айрықша тоқталды. Сонымен қатар Петер Буриан қазақстандықтар үшін визалық режимді жеңілдету мүмкіндігі туралы пікір білдірді.

Петер Буриан, Еуропалық одақтың орталық Азиядағы арнайы өкілі:

- Біз мүмкіндігінше туристердің Еуроодаққа келу процесін жеңілдетуді қалаймыз. Осыған байланысты жұмыс неғұрлым жақсы жүрсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әртүрлі вакциналарды мақұлдауға дайын болса, онда біз де барыс-келіске вакциналау анықтамасының негізінде көбірек еркіндік берер едік. Сондай-ақ басқа екпелерді да жеке елдер тануы мүмкін, өйткені кейбір мемлекетте әлі тіркелмеген вакциналар қолданылады. Бұл – қазірдің өзінде Одаққа мүше жекелеген мемлекеттердің мәселесі. Әр ел жеке шешім қабылдауға дайын болуы керек.