Қазақстандықтардың жартысынан астамы вакциналаудың бірінші кезеңінен өтті

Қазақстандықтардың жартысынан астамы вакциналаудың бірінші кезеңінен өтті

Қазақстандықтардың жартысынан астамы КВИ-ге қарсы вакциналаудың бірінші кезеңінен өтті. Ал 8,5 млн-нан астам азамат препараттың екінші компонентімен қамтылған. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Оның айтуынша, қазір елде белсенді түрде халықты қайта вакциналау науқаны жүріп жатыр. Бустерлік дозамен 2 млн-нан астам адам иммундалды. Бейінді ведомство басшысы бүгінгі таңда елімізде қандай вакциналар қолжетімді екенін түсіндірді.

«2021 жылдың ақпан айынан бастап өңірлерге 27 млн-нан астам вакцина, оның ішінде І компонентті вакцинаның 6,4 млн дозасы және «Спутник V» ІІ компонентті вакцинаның 6,4 млн дозасы, «QazСovid-in» (QazVac) 2,9 млн дозасы, «Hayat Vax SARS-CoV-2 Vero Cell» (Синофарм) вакцинасының 1 млн дозасы, «КоронаВак» (Синовак) вакцинасының 500 мың дозасы, «Синофарм» вакцинасының 6 млн дозасы, «Комирнати» вакцинасының 4 млн дозасы (Pfizer) және «Спутник Лайт» екпесінің 150 мың дозасы жеткізілді», – деді министр.

Ажар Ғинияттың айтуынша, Pfizer вакцинасымен егілетін азаматтардың тізімі әлі де кеңейе түспек.

«Қазіргі уақытта осы вакцинамен егілетін азаматтар қатарын кеңейту бойынша шаралар қабылданды. «Pfizer» компаниясының «Комирнати» вакцинасын халықтың басқа да осал топтары үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 1 млн дозасын жеткізу мәселесі пысықталуда», деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрі.

Әзірге Pfizer-мен 12-ден 17 жасқа дейінгі балалар, жүкті және бала емізетін әйелдер егіледі. Жақында ол медицина қызметкерлері мен 60 жастан асқан адамдарға ревакцинациядан өту үшін қолжетімді болды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов