Қазақстандықтардың 60% АЭС салуға оң көзқарас танытып отыр

Қазақстандықтардың басым көпшілігі Атом электр станциясын салуға оң пікір білдірді. Президент жанындағы стратегиялық зерттеу институтының тапсырмасымен «Демократия институты» әлеуметтік зерттеуін жүргізді. Нәтижесінде, респонденттердің 60 пайыздайы референдумға қатысып, қолдайтындарын айтқан. Тамызда жүргізілген сауалнамамен салыстырғанда, АЭС салу идеясын қолдаушылар саны 7 пайыздан астамға өскені байқалып отыр. Бұл жолғы сауалнамаға 18 жастан асқан 8 мың адам қатысқан. Респонденттердің 42% жуығы референдумда міндетті түрде  таңдау білдіретінін жеткізсе, 20 пайыз шамасында тұрғын бару-бармау туралы түпкілікті шешпеген. Сарапшылардың пікірінше сауалнама қорытындысы Үкімет, сарапшылар және қоғам арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын көрсетеді. Естеріңізге сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында осы бір маңызды шешімді тек жалпыхалықтық дауыс беру арқылы ғана шешуге болатынын айтып, 6 қазанда референдум өткізу туралы шешімін жариялаған болатын.  

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары:

- Референдум дегеніміз – халықты маңызды шешімді бірге қабылдау мақсатында тартудың бірден-бір жолы екенін тәжірибе көрсетті. Конституцияға өзгеріс енгізу, мемлекеттік құрылымды ауыстыру, елдің белгілі бір халықаралық ұйым қатарына кіруі және кейбір стратегиялық маңызды сұрақтар, әдетте, тек референдум арқылы шешіледі. Бұл – әлемдік озық тәжірибе.