Көпшілік назарына елордада орын тепкен әскери-тарихи мұражайдың қорындағы өткеннен сыр шертер құнды құжаттар мен бірегей жәдігерлер ұсынылды. Онда егеменді ел атану жолында өшпес үлес қосқан тарихи тұлғалар мен ұлт батырларының тағлымды өмірі, қызметімен жақынырақ танысуға болады. Сондай-ақ бас шаһардың мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұрған фотосуреттер мен газет беттеріндегі мақалалар, кітаптар және ұлт азаттық күрес қайраткерлерінің портреттері қойылған. Ұйымдастырушылар әр экспонаттың өзіндік тарихи мән-маңызы мен құны бар екенін айтады. Көрме ай соңына дейін жалғасады. Әскери құрылым өкілдері, тарихшылар, журналистер және 86-жылғы оқиғаға қатысушылар іс-шараның қонағы болды. Жиында әскери патриоттық әндер де шырқалды.
Өнербек Умралин, ҚР мемлекеттік әскери-тарихи музейінің ғылыми бөлімшесінің бастығы:
- Жалпы, бұл көрме Президенттің 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жаршысы болған желтоқсан оқиғаларына қатысқан барлық батырларды еске алу күні болуы тиіс деген идеясының көрінісі. Бұл – елдегі ұлттардың бірлігін жарастыратын, тәуелсіздік рухын, төл тарихымызды, ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырту күні.