Қазақтың ұлттық асханасы Париж төрінде. Франция астанасында Шымкент қаласының тумалары «Дөңгелекті қазақ ас үйі» атты жаңа жобаны қолға алды. Жалпы игі іс-шараны дайындауға 1 жыл уақыт кеткен екен.
Мәдина Құлманова, «Delices Des Steppes» компаниясының қосалқы негізін салушысы:
- Қазақстанды таныту біздің бастапқы мақсатымыз болатын. Бірақ қандастарымыздың тарапынан үлкен қолдау болады деп күткен жоқпыз. Француздар сұрақты қарша боратып жатыр. Уақыт тауып, қысқа да нұсқа түсіндіруге тырысамыз. Әрине, мәдени тұрғыда еліміз үшін бұл күшті жарнама.
Қазақстандық аспаздық туралы естіген Франциядағы қазақ диаспорасы ерекше қуанған. Ұлттық тағамға таңсық қандастар оны іздеп, тауып келеді. Көліктегі ас үйі қазір Париж метросының Шатийон-Монруж станциясында орналасқан. Фуд-трек аптасына 5 күн жұмыс істейді. Париждің айналасын аралау да ойда бар.
Джонатан Дассен, әнші:
- Мен үшін бұл керемет идея. Француздар бұл ас үй туралы түк білмейді. Енді оларға, мысалы, қазақша самса қалай жасалатынын көрсету керек. Жобаға сәттілік тілеймін!
Неждет Тунжер, қазақ диаспорасының өкілі:
- Фейсбукта біреу айтқанда, мен сенбегенмін. Қазір көзіммен көріп, Құдайға мың шүкір айтып тұрмын. Қазақтың ұлттық тағамынан дәм алып, үйдегі бала-шағамызға көрсетеміз. Біз өзі қазақпыз. Дүниенің қай жерінде болсақ та, қан тартып тұрады. Құдайға мың шүкір. Тегінде қазақты ешкім танымайтын. Қазір қазақпыз деп аузымызды толтырып сөйлейміз. Бұған қуанамыз.
Қазақтың ұлттық тағамынан дәм татам деушілерге «Номад», «Дала», «Жібек жолы» деп аталатын кешенді түскі ас түрлері ұсынылады. Жоба авторлары алдағы уақытта келушілерге қазы мен құрттың дәмін татыруды жоспарлап отыр.