Қазақстандық ұлттық пошта желісінің операторы Халықаралық сыйлықта үздік деп танылды

Қазақстандық ұлттық пошта байланысы операторы әлемдік индустрия алыптары арасында үздіктер қатарынан танылды. Амстердамдағы сәлемдеме және пошта технологиялары саласындағы халықаралық сыйлықта «Қазпошта» сала ұйымдарының ТОП-5 кірді. Ірі шараға әлемнің 250-ден астам компаниясы қатысты. Аталған бірегей тұғырнамада жыл сайын пошта және логистика бизнесінің көшбасшылары бас қосты. Мамандар саладағы жаңа жетістіктер мен технологияларды талқыға салады. Отандық компания бірден 3 номинация бойынша, атап айтқанда үздік қызмет көрсетуші, үздік бизнес-әртараптандыру және экология саласындағы жетістіктері аталымдарында марапатталды.


Әнел Әбдірова, «Қазпошта» Халықаралық бизнесті дамыту департаментінің директоры:


- Аталған номинациялар бойынша ТОП-жүлдегерлердің қатарына кіру пошта операторларының даму стратегиясында және дүниежүзілік пошта одағының рейтингінде өте маңызды қадам саналады. Яғни, осы рейтингке ене отырып, әлемдік қоғамдастық «Қазпоштаның» үш аталымдағы қызметін мойындайды. Бұл номинацияда ірі курьерлік компаниялар, логистикалық қызметтердің ірі провайдерлері мен маркетплейстер біздің бәсекелестеріміз болды. Біз ел намысын қолдан жібермей, осы санаттар бойынша көшбасшы болдық.


Авторы: Әсел Күшенғалиева