Токиода өтетін биылғы жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы спорттың 30 түрінен ел намысын қорғайды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдындағы есебі кезінде осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, әзірге ұлттық құрама қоржынына спорттың 22 түрінен 53 жолдама түсті. 1 шілдеге дейін тағы 15 лицензиялық жарыста қосымша жолдамалар ұтып алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ведомство басшысы алдағы төрткүл дүние ойындарында ерекше қажеттіліктері бар спортшылар да назардан тыс қалмағанын атап өтті.
Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және спорт министрі:
- Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін елімізде 15 спорт клубы, елордада Параолимпиадалық жаттығу орталығы жұмыс істейді. Қазіргі таңда Токиода өтетін жазғы Параолимпиада ойындарына қатысу үшін ұлттық құрама жасақталып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде біздің құрама спорттың үш түрінен тоғыз лицензия жеңіп алды. 20 шілдеге дейін сегіз лицензиялық жарыста қосымша жолдамалар ойнатылатын болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов