Қазақстандық спортшылардың қысқы Олимпиада ойындарына дайындығы қыза түсті. Әлем додасында ел намысын арқалайтын сайыпқырандар үздік жаттығу алаңдарында әзірліктерін пысықтауда. Төрткүл дүние тартыстары Бейжіңде алдағы ақпан айының 4-і мен 20-сы аралығында өтетіні белгілі. Ұлттық құрама спорттың 93 бағдарламасында бап пен бақ сынайды. Фристайл-могул, фристайл-акробатика және шорт-трекке үлкен үміт артылып отыр. Негізгі құрама қаңтар айында жасақталатын болады.
Елсияр Канағатов, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті дирекциясының басшысы:
- Біз отандық спортшыларды спорттық жабдықтары жақсы қамтылған шетелдік оқыту-жаттығу нысандарына жібереміз. Онда спаринг-қарсыластар, өзге елдің спортшылары бірге жаттығады. Ең бастысы жолдама ойналатын негізгі жарыстарға қамданудамыз. Спортшыларымыз фристайл-могул, фристайл-акробатика, конькимен жүгіру және шорт-трек, трамплиннен секіру, шаңғы жарысы сынды спорт түрлерінен жақсы өнер көрсетеді деп ойлаймын.
Бейжіңде XIII Қысқы Паралимпиада ойындары да өтетінін айта кету керек. Бұл ауқымды спорттық шара 4 наурыз күніне жоспарланған. Онда да қазақстандық спортшылар бой көрсететін болады. Қазір ұлттық құрама жарысқа жан-жақты дайындық үстінде. Отандық параатлеттер спорттың 6 түрінен 78 медаль жиынтығын сарапқа салатын болады.