Ұлытау даласы күй дүбіріне бөленді. Облыста Кетбұқа би атындағы «Ақсақ құлан» халықаралық күйшілер конкурсы өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылған өнер додасында биыл Қазақстан мен Қытай елінің өнерпаздары сынға түсті.
Ұлытауда осымен 2-ші рет өткізілген күй мерекесінің ауқымы кеңейді. Дүбірлі бәсекеге биыл еліміздің барлық өңірімен қоса Қытай Халық Республикасының дарынды өнерпаздары да бәс тігіп арнайы келіпті. 23 үміткер даңқты қолбасшы, би, жырау, соңынан өлмес күй-мұрасын қалдырған Кетбұқаның сырлы, сазды, ойлы шығармаларын орындады.
Шәміл Әбілтаев
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Жастардың өсіп келе жатқанына
көзіміз жетті. Бұл енді шынында ұлытауша ұйымдасу болды. Бірліктің туы
көтерілді. Сондықтан енді мынау әрқайсысымыз өзіміздің ұямызға аттанғанда үлкен
ту қанат біткендей болып әділетті Қазақстанның мерейі үстем болатынына нық
сеніммен аттанып бара жатырмын.
Кетбұқа би – қазақ тарихы төрінен ойып тұрып
орын алған тұлға. Баба мұрасы
дәріптелген бәсекелі жарысқа небір дарынды домбырашылар, қобызшылар мен сыбызғышылар қатысты. Талабын байқатты. Лауреат атанды.
Бас жүлде 500 000 теңгені «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетінің студенті
Бекзада Достиярова қанжығалады.
Бекзада Достиярова, байқаудың жеңімпазы:
- Осы конкурсқа сақадай сай болып
дайын келдік. Қарап отырсам, қарсыластарым да мықты дайындықпен келіпті. Бақ
шабама, бап шабама енді маған бұйырыпты бас жүлде. Қуаныштымын. Кетбұқа би
бабамыздың көптеген күйлерін орындадық естілмей жүрген. Сол күйлерді насихаттау
енді біздің мойнымызда.
Айта кетейік,
Жезқазғанда 10 жыл бұрын «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылған. Осы
аралықта өлкеде батыр тұлға ұлықталған көптеген іс шаралар өтті. Енселі
ескерткіші бой көтеріп, бірнеше рет республикалық ғылыми конференция
ұйымдастырылды.
Төлеген Бүкіров «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ
төрағасы:
- Кетбұқаны зерттеу жұмысы аяқталды
деп ойламаймын. Бұл бастауы. Әлі де талай-талай шаң басқан архивтерден жақсы -
жақсы мәліметтер табылатынына менің күмәнім жоқ. Мына жастарға жол салу, соларға
бағыт беру негізгі атқарылып жатқан жұмыстар. Жалпы бабаның күйлерін,
ғасырлығын, асқан ақындығын дәріптеу халық арасында.
Расында, ұлытаулықтар үшін Кетбұқа бабаның орны ерек. Ол жайлы 4 жинақ пен тарихи-танымдық кітап басылып шықты. «Кетбұқа» пьессасы жергілікті театрда сахналанды. Енді біртуар тұлға жайлы кино түсіру жоспарланып отыр.