100-ге жуық фильм мемлекеттік қолдауға өтініш береді

Біз мықты киножобаларды іздейміз! Қазақстанда болашақ отандық фильмдердің үздік сценарийлері таңдалып жатыр.Ұлттық кинематографияны қолдау орталығының мәліметінше, биыл ең қызықты жобаларды қаржыландыруға шамамен 4,5 млрд теңге бөлінеді. Қазірдің өзінде 100-ден астам өтінім келіп түскен.

Абзал Мұхимов, «Ұлттық кино қолдау орталығы» Басқарма Төрағасының Орынбасары:

– Жалпы бізде мынандай жобаға, немесе мынандай бағытқа басымдық берілсін деген мәселе жоқ. Бұның барлығы айналып келгенде шығармашылық ортаның өзі ұсынатын бастамаларына, олардың тың идеяларына қаралады. Алдағы жылдарға, осы жылға байланысты тарихи-танымдық, пайымдық киножобаларға, сонымен қатар балалар киносына, сонымен қатар әлеуметтік ойын танымдық жобаларға басымдық берілу мүмкін.

Комедиялары және мелодрамаларымен танымал, халықтың сүйікті режиссері Асқар Ұзабаев та байқауға қатысуға бел буды. Ол бүгінгі күні маңызды тақырыптардың бірі сатиралық картинаның сценарийін ұсынды.

Асқар Ұзабаев, режиссер:

– Бұл – сатиралық комедия. Менің ойымша, ол – бүгінгі күннің тақырыбы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен қашып ауылда жасырынып, сол ауылды тонап жүрген шенеунік туралы фильм. Ол өз қолымен жасағанның барлығын көріп, біледі. Кейін реалды өмірде ол адамдардың қандай нашар хәлде өмір сүріп жатқанын  көреді. Өзекті мәселе.  Әрине, бұл тақырыпта шындап күрескім келеді. Жемқорлықтың көп екенін, оның түбі жақсылыққа апармайтынын көрсеткім келеді. Осындай тақырыпта фильмдер түсіру көптен бері ойымда.

Айта кетерлігі, соңғы үш жылда мемлекет ұлттық кинематографияны қолдауға 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Нәтижесінде 48 фильм қаржыландырылды.

 

Автор:  Әсел Күшенғалиева