Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмі «Оскар» киножүлдесіне ұсынылды. Картина «Шет тілдегі үздік фильм» аталымында бақ сынайды.
Айта кету керек, өткен жылы 77-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасында картинаның әлемдік деңгейде тұсауы кесілген болатын. Кейінірек италиялық Верона мен бельгиялық Брюгге сынды бірқатар беделді байқауға қатысып, көптеген марапатқа ие болды. Сондай-ақ Әділхан Ержанов осы еңбегі үшін Стокгольмдегі «Hope» кинофестивалінде «Үздік режиссер» атанды.
Айта кетейік, «Сары мысық» фильмі қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасын баяндайды. Бұл – ерлі-зайыптылардың жолда кездескен қиындықтары мен олардың жауларына қарсы тұруы туралы шытырман оқиға. Фильмдегі басты рөлді ресейлік актер Азамат Нигманов пен қазақстандық жас актриса Камила Нұғманова сомдады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов