Қазақстандық профессорлар Кембридж университетінде дәріс оқыды. Археолог, профессорлар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтің лекциясын тыңдауға осы оқу орнының оқытушылары, студенттері және басқа да британиялық озық оқу орындарынан келген ғалымдар жиналды. Профессорлар біздің дәуірімізге дейінгі I мыңжылдықта қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі сақтардың тарихы мен мәдениеті және қорғандарынан табылған алтын артефактілері туралы баяндады.
Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
- Олар біздің тарихымызды, жаңа жәдігерлерді білмейді. Тек Кеңес Одағы кезіндегі ескерткіштер, жәдігерлер, деректерден ғана хабардар. Ал біздің әкеліп көрсеткен дүниелеріміз, айтып жатқан ойларымыздың барлығы кейінгі 5-10 жылдың ішінде ашылып жатқан жаңалықтарға негізделген. Сондықтан олар үшін бұл өте қызық.
Әбдеш Төлеубаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, археология кафедрасының профессоры:
- Жалпы сақтардың тілі, олардың мәдениетінің сипаты жөніндегі әңгімелер болды. Біз осы бүгінге дейін сақтарды «индоиран», «индарий» деп келсек, бұлардың көне түркілер екендігін, прототүркілер екендігін дәлелдеп сөз қозғадық.
«Гибридті» форматта, яғни оффлайн әрі онлайн өткен дәріске Кембридж студенттерімен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам адам қатысты. Археология саласы бойынша оқып әрі оқытып жүрген жас ғалымдар сұрақтар қойып, тың ақпараттармен сусындады.
Кайра Керкер, Кембридж университетінің PhD студенті:
- Металмен жұмыс істеуге арналған сол кездегі әдіс-тәсілдердің барлығы өте мазмұнды болды. Ол әдістердің Қазақстан бойынша таралу тарихы да қызықтырды. Меніңше, профессорлар ғылым үшін өте маңызды шаруа бітіріп жатыр.
Милена Радивович, UCL университетінің оқытушысы:
- Мен UCL университеті жанындағы археологиялық материалдар институтының лекторымын. Лондоннан Кембриджге арнайы келіп, профессорлардың ғажап лекциясын тыңдадым. Сол кездегі бай-шонжарлар қайтыс болғанда әйелдерімен бірге емес, аналарымен, жиендерімен бірге жерленгені туралы білдім. Ол дәуір туралы әлі де көп нәрседен бейхабар екендігіме көзім жетті.
Қазақстандық ғалымдар дәрістен бөлек Кембридж университетінің лабораторияларын да аралады. Әріптестерінің ғылыми талдау әдіс-тәсілдерін көріп, тәжірибе алмасуға шақырды. Сондай-ақ университеттің оқу жоспарымен танысып, студент және ұстаз алмасуға уағдаласты. Кембридж университетінің ғалымдарын Қазақстанға шақырып, ғылыми экспедицияға бірге қатысу жоспары жасалды.
Авторы: Ғалымжан Қараман