Еліміздегі оқушылардың жартысына жуығы үшінші тоқсандағы оқуларын қашықтан жалғастырады. Бұл негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сынды ірі шаһарлардың білім ошақтарына қатысты болмақ. Сондай-ақ 600 оқушыдан асатын өзге өңірлердегі мектептерде де сабақ онлайн форматқа көшуі тиіс. Бұл жөнінде ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова мәлімдеді. Бұл ереже 1,5 миллионға жуық шәкіртті қамтиды. Ал 1-2 сынып оқушыларының жас ерекшелігі ескерілгендіктен, олар сабақты мектепке келіп оқиды. 3-5 сынып оқушылары кезекші топ форматында білім алады. Ал 2 миллионнан астам білім алушы үшін оқу штаттық режимде жүргізіледі. Яғни ауылдық жерлерде немесе 600-ден кем оқушысы бар білім мекемелерінде тәлім беру оффлайн түрде болмақ. Ондағы санитарлық талаптар қатаң ескерілген. Қашықтан оқуға қажетті техникалық мүмкіндіктер барынша қарастырылды.
Гүлмира Кәрімова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы:
- Сурет салу, музыка сынды мектептен тыс ұйымдар үшін жұмыс 10 балаға шектелген топтарда жекелей жүргізіледі және штаттық формат сақталады. Біздің желіде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемелер мен ұйымдар бар. Онда республика бойынша 160 мыңнан астам ерекше оқушы тәлім алуда. Олардың сабақтары үнемі жекелей жүргізіледі немесе бір ұстаз 2-3 баламен ғана жұмыс істейді. Егер бала саны сегізден артпаса, бұл жұмыс штаттық форматта жүргізіледі.