Шағын кәсіпорында 15 жасар Адам Михальков өз денсаулығына немқұрайлы қарамайтын жандар үшін ағзаға пайдалы тағамдар жасайды. Бұл кептірілген алма, алмұрт, банан, хош иісті пастила. Бұның бәрі табиғи дәруменге толы. Сондықтан осы өнімдер көптің сұранысына ие болған. Қостанайлық кәсіпкер тізімді жаңа өнім түрлерімен кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұдан былай оған көкөніс қытырлағы қосылмақ. Әзірге Адам өз өнімдерін интернет арқылы сатады. Жақында тауарын денсаулыққа пайдалы өнімдер дүкендерінің біріне қоюға ниетті.
Адам Михальков, кәсіпкер:
- Дегидратор деп аталатын бұл өнім түрлерін әзірлейтін арнайы машина бар. Оны әзірге үйде орналастырдым. Сондай-ақ, жемістер мен көкөністерді турауға арналған пышақтардың түр-түрін алып қойдым. Арнайы тақтайшалар бар. Олар 12 сағат бойы кебу керек. Кейін дайын өнімді орап сатамын. Кейбір балалар кәдімгі қытырлақ дайындағаның жөн деген кеңес айтады. Менің айналамда бастамамды толықтай қолдап, қолдарынан келген көмектерін аямайтын адамдар әлдеқайда көбірек. Сондықтан ісім оң екеніне сенімдімін.
Адамның өзінің жеке өндірісін ашуға Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының қолдауымен қоғамдық қор ұйымдастырған стартаптар байқауында жеткен жеңіс түрткі болған. Ол ұтқан қаржыны өндіріске қажет жабдықтар сатып алуға жұмсаған.
Абылайхан Кәкенов, Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Негізгі мақсат өзін өзі жетілдіріп, ұтқыр ойларын іске асыруға дайын, жалпы қоғамға пайдалы болатын жобалары бар өңірдің белсенді жастарын тарту болды. Бұл жолы жобалар, әдеттегідей, жыл соңында емес, ортасында қаржыландрылды. Ең алдымен бұл жыл соңына дейін жобаның жүзеге асуын бақылап, нәтижесін көру үшін және қажет болса қосымша іс-шараларды үйлестіру үшін жасалды.