Сақ дәуірінің сюжеттік композициясы. Отандық суретші-мүсінші Сырым Мүсіреп көне өнерді заманауи мәнерде жаңғырту ісін қолға алды. Тарихи жәдігерлерді көпшілікке жаңа леппен ұсыну үшін сол кезеңге жататын сақ стиліндегі бейнелерді бір жүйеге біріктіруге бел буған.
«Дәуірлер мұрасын ұштастыру арқылы ұрпақтан ұрпаққа мирас болар дүниені жарыққа шығарсам», – дейді дарын иесі. Ол үшін аса берік әрі ауа райының тылсым мінезіне төтеп беретін полиуретан материалын кәдеге жаратуды жөн деп тапқан.
Сырым Мүсіреп, суретші-мүсінші:
- 2020 жылы Түркістан қаласындағы музейді безендірген болатынмын. 600 дана сақтардың өркениетте қалдырған жәдігерін... Соның салдарынан бұл тақырып маған қызық болып, оны әрі қарай зерттеп, бүгінде осындай тың дүниелер шығаруды қолға алдым. Әрбіреуі әртүрлі деңгейде оқшауланып тұратын. Соның бәрін біріктіріп, сюжетке айналдырдым.
Сырым Мүсіреп бұл еңбегі көрмелермен қатар еліміздің көрнекі жерлерінің көркін ашу үшін кеңінен қолданылса деген ниетте. Шебердің монументалды мүсіндері мен қылқалам туындылары ел ғимараттарының бірқатарының сәулетін көркейтіп тұр. Енді қазақстандық майталман өз өнерімен әлемді мойындатып, ұлы даланың қанық бояулары арқылы шет елде ұлттық рухани құндылықтарды дәріптемек.
Сырым Мүсіреп, суретші-мүсінші
- Байырғы дәстүр құндылықтарына сәйкес негізгі ақпаратты ала отырып, жаңа заман дәуіріне жеткізу немесе жаңаша леп беру үшін адамның өзіне ізденіс керек. Соның арқасында осындай дүниелерді көрерменге жаңа деңгейде жеткізуге болады. Бұл туындыларды дамытып, жаңа көзқараспен және әлдеқайда кең көлемде ұсынуға болады.
24 жастағы шебер бүгінгі таңда Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясына мүше болып қабылданып, «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Оның жұмыстары отандық, шетелдік көрмелерге, симпозиумдарға ұдайы шығып тұрады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов