Енді ұлы дала тарихы, мәдениеті мен өмірі туралы Берндегі швейцариялық мұражайдан да білуге болады. Мұнда «Шығыс коллекциясы» деп аталатын 2 000 артефакт пен экспонат сақталған. Оның арасында сапалы фотосуреттер, карталар мен жәдігерлер, Алтын Орда хандары басқан теңгелер бар. Сондай-ақ сол замандағы қазақтардың тұрмысы жөнінде күнделіктері, хаттары мен мақалалары сақталған. Көне қылыштар, зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері, керамика және қолдан жасалған кілемдер де мұражайдан өз орнын тапты. Оларды бір кездері Орталық Азия мен Қазақстанға сапарынан еуропалық Анри Мозер алып келген.
Албан Вон Штокхаузен, Берн тарихи мұражайының қызметкері:
- Түскиіз – Мозердің «Шығыс коллекциясының» ең құнды бөлігі. Бұл ұлы даланың жоғары әскери қолбасшылары мен еуропалықтар арасындағы кездесулерде дипломатиялық миссияда қабырғаға ілінген кілем болған. Онда алтынмен жалатылған қақпалар бейнеленген. Кездесуге қатысушылардың артында ілінген кілем бойынша отырғандардың мәртебесі анықталған. Бұл құнды жәдігер Қазақстан мен аймақтағы өзге елдердің саяси, әскери мен әлеуметтік құрылымы жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Ол Орталық Азия тарихын көрсететін ерекше бір терезе сыңайлы.
Томас Паули-Габи, Берн тарихи мұражайының директоры:
- Мұражайымыз Берн тарихына арналған және мұнда қала мен кантонымыз үшін маңызды экспонаттар қойылған. Алайда жүздеген жыл бойы бізде Орталық Азия өнерінің бірегей коллекциясы сақталған. Музей үшін оның тарихи құндылығы өте жоғары. Қылыш, қанжар мен қарудың өзге түрлері, сол өңірдегі тұрмыстық аспаптар мен керек-жарақтың көптеген затын қамтиды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Берн тарихи музейінде осындай құнды деректер тапқан қазақстандық ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде «Анри Мозер қорындағы Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөніндегі қолжазбалалар мен артефакттар» атты кітап-альбом басып шығарылды. Бұл тарихи жәдігерлердің көшірмелері бар 472 беттен тұратын ағылшын, қазақ пен орыс тілінде жазылған басылым.
Айта кетейік, Берн тарихи музейі мен университеті Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті.