Сарапшылар Токио Олимпиадасында қазақстандық ауыр атлеттер сәтті өнер көрсеткенін айтады. Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі жарыста спортшылар ел үміті мен сенімін абыройлы ақтады.
Еске салайық, спорттың осы түрі бойынша ел намысын екі спортшы қорғаған болатын. Бұл – Зульфия Чиншанло мен Игорь Сон. Қос ауыр атлет те байрақты додадан олжасыз қайтпай, қола медаль еншіледі. Қанжығаларына басқан медальдерді өз күшімен, таза жолмен жеңіп алды.
Еліміздің Ауыр атлетика федерациясы директорының міндетін атқарушы Алдияр Нұралинов біздің спортшылардың жарыс басталмай-ақ бірнеше тексерістен өткенін айтады. Төрткүл дүние ойындарының алдында арнайы халықаралық бақылаушылар елге келіп бір тексерген. Сондай-ақ күмән тумас үшін Жапонияға ұшар сәтте спортшылар тағы сыналып, тест тапсырды. Сарапшылардың айтуынша, елде антидопингтік бағдарламалар бойынша үнемі семинарлар өтіп тұрады.
Алдияр Нұралинов, ҚР Ауыр атлетика федерациясы директорының міндетін атқарушы:
- Біздің споршыларымыз алдына қойылған міндетті абыройлы атқара білді. Төрешілердің сыны мен есептелмеген мүмкіндіктерге қарамастан, жақсы нәтиже көрсетті. Әсіресе Игорьдің өнері қуантпай қоймады. Еңсесін түсірмей, бапкерлерінің тапсырған салмақтарын еш қатесіз көтерді. Сондықтан біздің атлеттеріміздің өнеріне жақсы баға беремін. Қазақстан құрамасының қоржынына қажетті медальдер әкелді.
Спортшылар бұл жетістікпен тоқталып қалмақ емес. Енді зілтеміршілеріміз көп ұзамай 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қамдануды бастайды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов