Астанада Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына
арналған көрме ашылды. Онда еліміздің Президенттік орталық қорынан 150-ге тарта
мұражай жәдігерлері мен мұрағат құжаттары ұсынылған. Олар 1995 жылы жаңартылған
Ата Заңымыз қабылданғаннан бастап Қазақстандағы конституционализмнің дамуынан
сыр шертеді. Көру қабілеті нашар
қазақстандықтар үшін Брайль қарпімен жазылған Негізгі Заңның қазақ және орыс
тілдеріндегі басылымдары қойылған. Сондай-ақ, Конституция мәтінінің Гималайдың
ең биік шыңында түсірілген бірегей фотосурет те көрме төрінен орын тепті.
Ботагөз Қайыпова, ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары:
- Конституцияның бұл мәтіні Гималайдың ең биік шыңдарының
бірінде болды. Біздің альпинист Әлібек Қайырбек осы сәтті түсіріп алған. Бұл
ерекше жәдігер мемлекетіміздің негізгі заңы - Конституцияға деген қазақстандықтың
ел азаматы ретіндегі құрметін білдіреді. Сондықтан ол көрменің төрінен орын
тепті.

