Қазақстанда қар барыстарын құтқаруға арналған әлемдегі алғашқы ұлттық жоба іске қосылады. Бүгінде бұл дала аңының жер бетінен жойылып кету қаупінде тұрғаны баршаға мәлім.
Қазіргі уақытта жабайы мысықтардың әлемнің 13 елінде бірнеше мыңы ғана таралған. Оның 130-ға тарта түрі біздің тауларымызда мекен етеді. Ендігі мақсат – Қызыл кітапқа енген жануардың тұқымын сақтап қалумен бірге олардың қатарын арттыру.
Алматыдағы Іле Алатау ұлттық паркінде келер жылы арнайы орталық құрылатын болады. Ол жерде қатары сиреп бара жатқан қар барыстары бағылады. Жануарлар кәсіби мамандардың қарауында болады. Арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіледі. «Олардың ортасына адамдардың тигізер әсері қандай?», «Қалай түрлендіруге болады?» деген мәселелердің жауабы ізделетін болады. Орталықта тұқымын зерделейтін гендік зертхана іске қосылады. Игі бастама 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылмақ.
Арман Қашқынбеков, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының директорлар кеңесінің мүшесі, Қар барыстары бойынша халықаралық қор директоры:
- Қазақстанда алғаш рет қар барысын сақтауға арналған кешенді ұлттық бағдарлама болады. Мақсатымыз – қар барыстарын сақтау, оңалту және түрлерін дамытуға арналған орталық құру. Бұл орталық кәдімгі жануарлар ауруханасы сынды оларды қабылдап, емдейтін болады. Қалпына келгеннен кейін қайта жабайы ортаға жіберетін боламыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов