Қазақстанда балаларды COVID-19-ға қарсы вакциналауды осы жылдың IV тоқсанында бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы педиатрлар қауымдастығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Сағира Әбдірахманова мәлімдеді. Сонымен қатар иммундау ерікті түрде жүргізілетінін атап өтті.
Сағира Әбдірахманова, Нұр-Сұлтан қаласы педиатрлар қауымдастығының басшысы:
- Денсаулық сақтау министрлігі «Pfizer» компаниясымен келісімшарт жасағаны белгілі. Бұл препаратты осы жылдың IV тоқсанынан бастап балаларға егуді бастаймыз. Бақылау нәтижелері бойынша вакцина алған ересектерде асқынулар сирек кездесетінін атап өткен жөн.
Өз кезегінде Қазақстанның бас инфекционисі Динагүл Баешева бүгінде еліміздегі балалардың сырқаттануы бойынша ахуал қиын екенін атап өтті. Ол жалпы жағдайды жақсарту үшін балалар мен жасөспірімдердің кем дегенде 80% вакциналау қажет деп санайды.