Қазақстанда коронавирус жұқтыру динамикасы бәсеңдеп, эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы 14 күнде бұған дейінгі екі аптамен салыстырғанда науқастану көрсеткіші 20% азайған. Бұған сәйкес ауруханалардағы төсек-орындардың толымдылығы да қысқарған.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Өңірлер шегінде 18 мамырдағы жағдайға сәйкес, инфекциялық төсек-орындардың толымдылығы 36%, ал реанимациялық төсек-орындардың толымдылығы 28% құрап отыр. Инфекциялық төсек-орындардың ең жоғары толымдылығы Нұр-Сұлтан қаласында 49%, Алматы облысында 45%, реанимациялық төсек-орындар толымдылығы Нұр-Сұлтан қаласында 52%, Алматы қаласында 47% құрайды.
Сондай-ақ министр мамыр айының соңына дейін «QazVac» пен «Hayat-Vax» вакциналары жеткізілетінін хабарлады. Жалпы бүгінде елімізде вакцинаның 2,6 млн үлесі қолданылған. Оның ішінде бірінші компонентпен 1,9 миллионға жуық, екіншісімен 800 мыңға тарта адам қамтылды. Бұл орайда Үкімет басшысы Асқар Мамин иммундау науқанын кестеге сай жүргізіп, қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Қоймалар мен медициналық ұйымдарда вакцинаның бірінші және екінші компоненттері жеткілікті көлемде бар. Вакциналардың қоры үнемі толықтырылып отырады. Вакциналау жоспар бойынша жүргізілуде. Әкімдер мәселені ерекше бақылауда ұстасын. Адамдарға вакцинаны таңдау құқығы және тиісті ақпарат берілуі тиіс. Әсіресе Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау арасындағы интервалды нақты анықтап, халықтың қалауына назар аудару керек. Сонымен қатар шектеу шараларының сақталуын бақылау жөніндегі мониторинг топтарының жұмысын жалғастыру қажет.
Үкімет отырысында ел көлемінде ендірілген «Ashyq» қосымшасының тиімділігі айтылды. Жүйе іске қосылғалы «қызыл» және «сары» мәртебемен 3 мыңнан астам келуші анықталды. Оның ішінде 1800-ден астамы – ПТР-дің оң нәтижесі тіркелген науқастар, өзгесі – байланыста болған адамдар.
Бұл орайда айта кетерлігі, бүгінде «Ashyq» жүйесі қызметтің барлық саласында шамамен 6 мың нысанды қамтиды және 1,4 млн қолданушы тіркелген.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов