Қазақстандық «Әлем бейнесі» арт-жобасы Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл – Дубайда өтіп жатқан ЭКСПО дүниежүзілік көрмесінде еліміздің ұлттық павильонында ұсынылған картина. Отандық бастама атына заты сай болып, халықаралық деңгейде танылған ауқымды жобаға айналды. Бүгінде әлемнің 193 елінің 2 мыңға тарта азаматы суретте өз таңбаларын қалдырған. Олардың қатарында Голливуд актрисасы Бай Линг, америкалық кәсіпқой боксшы Рой Джонс, қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов, ресейлік әнші Валерия, қазақстандық кәсіпқой велошабандоз Александр Винокуров сынды әлемдік жұлдыздар бар.
Кенептің өлшемі жер-жаһанның физикалық параметрлеріне сәйкес келеді. Әлемнің шағын үлгісі іспеттес туынды адамзатты біріктіріп, өнер үшін шектеу мен шекараның жоқтығын танытуға бағытталған. Ол әлі өз мәресіне жеткен жоқ. Күн сайын түрленіп, жаңа штрихтармен толығуда. Арт-жобада бір қылқаламмен салынған 2020 адамның таңбасын сыйдыру көзделіп отыр.
Даут Шайхисламов, жоба авторы:
- Біз оны Қазақстан, Жапония, Аустралия мен Америка елдеріне апарамыз. Бұл – әлем картинасы, сондықтан оны жер-жаһан жұрты көруі тиіс. Жақында «Арт-Дубай» деп аталатын көрме өтеді. Туындыны сол жерде жұртшылықтың назарына тағы бір ұсынғымыз келеді. Оған қоса біздің павильонға келген жапондықтар суретті ұзақ уақыт мұқият тамашалады. Бізге өз елдерінде көрме ұйымдастыратындарын айтты. Осоко қаласында «ЭКСПО-2025» көрмесі өтеді. Олар бізге бірлесіп осы текті бір қызықты, ауқымды ұжымдық шығармашылық жобаны қолға алуды ұсынды. Яғни жоба жалғасады, қазір ойымызды жинақтап оны жүзеге асыруға дайындаламыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов