Қазақстандық «Ағайындылар» фильмі Германиядағы халықаралық кинофестиваль бағдарламасына енгізілді

Қазақстан кинематографының тағы бір жетістігі. Отандық режиссер Дархан Төлегеновтің дебюттік «Ағайындылар» көркем фильмі Германиядағы беделді кинофестиваль бағдарламасына енді. Бұл әлемдегі жетекші инди-фильм фестивальдердің бірі және оны «Еуропалық Санданс» деп те атайды. Бұл кинофорум бүкіл әлемнің тәуелсіз кинематографистерінің шығармашылығын қолдауға бағытталған. Қазақстандық режиссердің айтуынша, бұған дейін ол қысқаметражды картиналар түсіріп келген. Дәл осы туындыларымен әлемдік киноаренада өзіндік орнын тауып, ерекшелене бастаған. Шетелдік жарыстарда, оның ішінде Ресей, Монако, Австрия, Египет, Индонезия, Румыния, Канада, АҚШ, Германия және Франциядағы фестивальдерде бірнеше рет жүлделі орынға ие болған. Ал «Ағайындылар» фильмін түсіру идеясы аяқасты туындаған, дейді автор.

Дархан Төлегенов, режиссер:

– Бұл екі ағайындылардың қарым-қатынастарына арналған фильм. Мүлдем таныс емес адамдар бір-біріне бауыр екенін біледі. Осыдан кейін арадағы байланысты басқаша сезіне бастайды. Бас кейіпкердің хикаясы былай басталады: кәмелетке жеткен бала жетімдер үйінен шығып, туған әкесін іздеп-тапқысы келеді. Осы ізденістері барысында әкесінің бірнеше рет үйленгенін, бірнеше әйелі болғанын анықтайды. Сөйтіп, бауыры бар екенін біліп, онымен танысқысы келеді. Сөйтіп, інісі екеуі әкелерін бірге іздеуге кіріседі.

Германиядан кейін «Ағайындылар» фильмі Албания мен Ресейде өтетін кинофестивальдерде де көрсетіледі.