Өскелең ұрпақтың келешегіне тиімді қаржы салу. Баласының болашақ оқуын бүгіннен ойлаған қазақстандықтар 22 мыңға тарта депозит ашты. «Aqyl» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысты ақпаратпен елдің Білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығының басқарма төрағасы Асқар Ибраимов бөлісті. Оның айтуынша, бүгінде 31 млрд теңгеге жуық салым жасалған.
Естеріңізге сала кетейік, елдің кез келген азаматы өзінің немесе баласының атына депозит аша алады. Бұл ретте көреген ата-ана банктік сыйақыдан бөлек 5-тен 7% дейін мемлекеттік сыйақы алатын болады. Жинақталған қаражат тек оқу ақысын төлеуге жұмсалуы керек. Отандықпен қатар шетелдік оқу орындарын таңдауға мүмкіндік қарастырылған.
Асқар Ибраимов, ҚР БҒМ Қаржы орталығының басқарма төрағасы:
- Бұл ретте, егер бала жоғарғы оқу орнына грантқа түсетін болса, онда барлық сыйақыны қоса, яғни жиналған қаражаттың толық көлемі салымшының меншігінде қалатынын және ол оны шешіп алғанға дейін басқара алатынын айту керек. Ең бастысы, бұл депозит Қазақстанның кепілдік беру қорымен сақтандырылған, сондай-ақ мемлекеттік органдар және үшінші тұлғалар тарапынан да кез келген тыйым салулар мен шектеулер салудан заңнамамен қорғалғанын ерекше атап өту қажет.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов