Қазақстанда жолаушылар ағыны 17% өсті

2022 жылы қазақстандық әуе компаниялары 11 млн-нан астам жолаушы тасымалдады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 17%-ке артық. Аталған көрсеткіштер туралы Азаматтық авиация комитеті мәлім етті. Бейінді ведомствоның хабарлауынша, өткен жылы республиканың әуежайлары 22 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсеткен. Оның 7 млн-ы Алматыға, 6 млн-ы елордаға тиесілі. Сонымен қатар Комитет транзиттік жолаушылар ағынының айтарлықтай төмендегенін атап өтті. Осылайша, 2022 жылы тасымал «пандемияға дейінгі кезеңнен» бірнеше есе төмен болған.

Талғат Ластаев, ҚР ІІМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Транзиттік жолаушылар тасымалы да артып келеді. Өткен жылы көрсеткіштер пандемияға дейінгі деңгейге әлі жеткен жоқ. Пандемияға дейін, есіңізде болса, бізде миллионнан астам транзиттік жолаушы тіркелетін. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 200 мыңға жуық жолаушы тіркелген. Бірақ өсім әлеуеті жоғары. Қазір халықаралық бағыттар ашық. Жаңа рейстердің ішінде Анкара былтыр ашылды, яғни дәстүрлі түрде Стамбулға сапарлауға болады. Сондай-ақ, географиямызды кеңейтіп жатырмыз. Бодрум да саяхатшылар үшін ашық. Яғни, өсу әлеуеті бар, сонымен қатар жоғары аталғандардың барлығы ескеріле отырып, еліміз ашық аспан режимін тағы 5 жылға ұзартты.

Талғат Ластаевтың айтуынша, жолаушылар тасымалының өсуімен қатар еліміздің негізгі әуе тораптары, Астана мен Алматы әуежайларына түсетін жүктеме де артқан. Сондықтан онда республиканың басқа да әуе айлақтары сияқты реконструкциядан өткізілуі тиіс. Мәселен, халықаралық рейстерге қызмет көрсету үшін Алматы әуежайы кеңейтілуде, атап айтқанда жаңа терминал салынуда. 200 млн долларды құрайтын жоба 24 маусымда аяқталады деп жоспарланған.

Талғат Ластаев, ҚР ІІМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Сонымен қатар Шымкент әуежайының терминалын қайта құру жұмыстары жүргізілуде, біз оны жақын арада аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы әуежай терминалын да жеке қаражат есебінен қайта жаңғыртуды бастадық. Қостанай әуежайындағы терминалды осы жылы, сондай-ақ, Астана әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциядан өткізу жоспарда бар. Барлық жөндеу жұмыстары жүргізу арқылы әуе қатынасына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруды мақсат етіп отырмыз.