Украинада алғаш рет қазақ диаспорасының құрылтайы өтті. Жырақта жүрген жүзден астам қазақ Киевте бас қосты. «Бұл – өткен күнге есеп беріп, бағыт-бағдарды айқындауға тамаша мүмкіндік», – дейді жиналғандар. Украина мемлекеттік статистика қызметінің мәліметінше, қазіргі күні бұл елде 60 мыңға жуық қазақ тұрады.
Макка Қаражанова – Украинадағы белсенді қазақ диаспорасының өкілі. 2006 жылдан бастап Харьков қаласындағы қазақтардың «Бірлік» қоғамдық ұйымын басқарады.
Макка Қаражанова, Харьков қаласындағы «Бірлік» қазақ қоғамдық ұйымының төрайымы:
- Әртүрлі кішігірім топ пен ұйымдар жабылып, оның орнына Украинадағы қазақтардың басын қосатын үлкен ұйым пайда болады деп үміттенемін. Одесса, Харьков, Киев, Днепропетровск дейсіз бе, осы елде тұрып жатқан талантты отандастырымыз өте көп. Бір-бірімізбен ақпарат алмасып, араласып тұрғанымыздың маңызы зор.
Батыр Ниязбеков, «Достық» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары:
- Бүгін осы құрылтай барысында үндеу жарияланды. Мұндағы басты мақсат – осы жақтағы қазақтардың басын бір ту астында біріктіріп, алдағы бағыт бағдарды айқындау. Қандай жұмыстар атқарамыз, яғни осында Украина жерінде тұрып жатқан қазақтардың алдағы жоспары қандай, тағы басқа. Олар қандай салада жұмыс жасайды, қандай бағытта өсіп-өніп өркендеуде дегендей. Ондағы мақсат – бірігу.
Құрылтай аясында ұлттық қолөнер бұйымдарының экспозициясы мен кітап көрмесі ұйымдастырылды. Украинадағы Қазақстанның елшілігі құрылтайды дәстүрлі шараға айналдыруды жоспарлап отыр.