Оның аясында ел бойынша 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа үлгідегі 369 мектеп салынбақ. Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Бүгінгі таңда мектеп құрылысына қатысты әр өңір бойынша тиісті жол карталары дайын. Оларды жиһазбен және технологиялық жабдықтармен жарақтандыру стандарттары әзірленді. Жаңадан салынатын жайлы мектептер сапалы интернет және білікті мұғалімдермен қамтылады. Бұл ретте алдағы жылдары жақсартылған стандарттар бойынша 49 мың педагог даярлау жоспарланып отыр. Бұған қоса, қазіргі таңда заманауи білім ошақтарының директорлар корпусын құру ісі қолға алынған. Премьер-Министр Әлихан Смайылов ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, сондай-ақ қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жөніндегі жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті. Жалпы алдағы жылдары қолайлы оқу жағдайлары бар 1,5 млн оқу орнын ашу жоспарда бар. Тек биыл 130 мың балаға арналған 146 мектепті қолданысқа беру көзделген.