Қазақстанда жастардың шекті жасы 29 дан 35-ке дейін ұлғаюы мүмкін. Осыны көздейтін арнайы заң жобасы әзірленді. Қазір тиісті құжат Мәжіліспен мақұлданып, Сенаттың қарауына енгізілді дейді, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Бұл жөнінде қазақстандықтар мен сарапшылар қандай пікріде? Қоғам пікірін тілшіміз біліп қайтты.
35- бұл көптеген еуропалық елдердегі азаматтар үшін жастық шақтың шегі ретінде саналады. Бұл туралы былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтқан болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл кеш некеге тұрудың, яғни отбасы құрудың орта жасының ұлғаюымен байланысты. Себебі, жастардың дені уақытының көп бөлігін білім қуып, біліктілігін арттыруға сарп етеді. Бүгінде елімізде жастар санатына 3,5 миллионнан астам қазақстандық кіреді. Егер заң қабылданса олардың саны бірден екі есеге артады.
Арман Тоқтышақов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Егерде аталмыш норма тиісті заңнамалық үрдістерден өтіп заңды күшіне енетін болса, жастар саясатына оң әсерін тигізіп, бірқатар әлеуметтік мәселенің түйіні тарқайтын еді. Өткен жылы қазақстандық «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты халық арасында арнайы зерттеу жүргізді. Сауалдардың бірі жастардың шекті жасын 35-ке дейін ұлғайтуға қатысты болды. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 60%-тен астамы бұл бастамаға қолдау білдірді.
Сарапшылардың пайымынша, шекті жасты арттыру олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Жастарды қолдауға арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Қазір олардың шарапатын тек 29-ға дейінгі жастар көре алады. Көбі берілген мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқанымен жаңа жобаларға бұл жастан асқандары қатыса алмайды. Сондықтан, жастық шақ тағы 6 жылға шегерілуі мүмкін.
Еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, әрбір 5-ші қазақстандық мұндай жаңашылдық ертеңгі күнге деген сенімділік сезімін ұялататады және жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырады деп санайды. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің төрттен бір бөлігі бұл өзгеріс отбасын құру жасын ұлғайтып, балалардың дүниеге келуін кешеуілдетеді деген пікірді ұстанады.
Айгерим Акимжанова