Қазақстан мен Германия құны 55 млрд долларды құрайтын 66 инвестициялық жоба бекітті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералды канцлер Олаф Шольцтың қатысуымен өткен бизнес-форумда белгілі болды.
Мемлекет басшысының пікірінше, екі ел арасындағы тығыз дипломатиялық қарым-қатынастар кең ауқымды экономикалық байланыстардың дамуына ықпал ететін негізгі фактор саналады. Әріптестік аясы қазір де кең. Бұған жоғары көрсеткіштер дәлел. Былтыр Германиядан тікелей инвестиция 64%-ға өсіп, 770 миллион долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Тараптар мұнымен шектелмек емес. Қазақстан жаңа инвестициялық цикл аясында 2029 жылға қарай 150 млрд доллар тартуды жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықтың әлеуетті салаларын атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
– «Аса маңызды шикізатты инвестиция мен технологияға айырбастау» прагматикалық формуласына сай табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу ісін дамытуды ұсынамыз. Біздің минералды-шикізат қорымызда әлі барланбаған бес мыңнан астам кен орны бар. Бұл кеніштердің құны триллиондаған долларға бағаланады. Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін материалдың 19 түрін өндіреміз. Осыған орай Минералдық ресурстар жөніндегі неміс агенттігі (DERA) мен қазақ серіктестері маңызды шикізат саудасы бойынша консорциум құрып жатыр.
АӨК, фармацевтика, цифрлық технологиялар және энергетика. Бұл салаларда серіктес болудың мүмкіндігі зор. Қазақстан әлемдік нарыққа энергия ресурстарын, соның ішінде жаңартылған қуатты тасымалдау көлемін арттыра алады. Германиялық Svevind group еуропалық нарыққа жасыл көмірсутегін жеткізу үшін Қазақстанға 50 млрд доллар инвестиция құяды. Логистика саласы да ұтымды ұстыныстарымен тартымды. Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Трансеуропа көлік желісімен және Еуропа Одағының «Жаһан қақпасы» бастамасымен ұштастыруды ұсынды. Бұл Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-саттықты одан әрі жандандыра түседі. Бұған қоса АХҚО әлеуетін ұмытпаған жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
– Қазір АХҚО инвестициялар, инновациялар және қаржы қызметтері тоғысқан бірегей өңірлік орталыққа айналды. Біздің Орталық инвестиция тарту үшін салық, виза және еңбек саясаты жағынан бұрын-соңды болмаған қолайлы шарттар мен жеңілдіктер ұсынады. Әр инвесторға жеке қолдау көрсетіледі. Британия заңнамасына негізделген әділ сот жүйесі жұмыс істеп тұр. «Астана» халықаралық қаржы орталығында 80 елден үш мыңға жуық компания тіркелген. Соның 20 компаниясы – германиялық. Олардың саны жуық арада тағы да өседі деп үміттенеміз.
Жалпы алғанда бизнес-форум және неміс делегациясының сапары аясында құны 6 млрд доллардан асатын 35 құжатқа қол қойылды.