Қазақстанда тағы бір IT-хаб пайда болды. Бұл – осымен елімізде іске қосылған 18-ші өңірлік сандық кеңсе. Петропавл қаласында жаңадан ашылған орталық Солтүстік Қазақстан өңірінде тың инновациялық жобалар мен стартаптарды қолдау, сондай-ақ цифрлық технологияларды дамытуға сеп болмақ. Яғни хаб теріскейлік белсенді жастар мен кәсіпкерлердің озық идеяларын іске асырып, оларды өндіріс жолына қоюға жәрдемдеседі. Оның алаңында инкубациялық бағдарламалар, оқыту курстары, семинарлар мен форумдар, хакатондар және бірқатар бейресми кездесулер өтеді. Жас өнертапқыштар елдің білікті сала мамандарынан кеңес алып, IT саласының қыр-сырын меңгереді. Қатысушылар жаңа орталықта заманауи білім алумен қатар, өзара шеберлік бөлісіп, тәжірибе алмасады.
Аида Дусова, ASTANA HUB өңірлік даму кеңсесінің директоры:
- IT саласында идеясы бар жандардың барлығы осында келсе болады. Біздің мамандар оны жүзеге асыруға барынша көмек көрсетеді. Мұнда түрлі курстар ашылған. Бастысы барлығы тегін. Мәселен кодсыз бағдарламалауды үйрене алады. Өз ойын жан-жақты жетілдіріп, кеңейту үшін барлық жағдайлар жасалған. Шетел нарықтарына шығу үшін түрлі халықаралық әріптестікке бағдарланған жобаларымыз бар.
Жеңіс Ермұқанов.

