Қазақстанда «Әділет» саяси партиясы пайда болды. Жаңа
партия Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Саяси бірлестікке
шахтерлер, мұнай және тау-кен металлургия өнеркәсібінің қызметкерлері, педагогтер,
ғалымдар, спортшылар, кәсіпкерлер, заңгерлер және қоғам қайраткерлері енген.
«Әділет» партиясының басты мақсаты - заңдылық, мемлекет пен қоғам арасындағы
ашық диалог, сондай-ақ бәсекеге қабілетті экономика қағидаттарына негізделген
әділ қоғам құруға жәрдемдесу.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған саяси реформалардың нәтижесінде еліміздің саяси жүйесі ашық, әрі бәсекеге қабілетті бола түсті. Азаматтардың қоғамдық саяси өмірге қатысуы кеңейіп, азаматтық қоғамның рөлі күшейді. Әділет партиясының мемлекеттік тіркеуден өтуі осы оң өзгерістердің нақты көрінісі.
Партия бағдарламасында заң үстемдігін нығайту, құқықтық
тәртіпті жетілдіру, өңірлерді қолдау, цифрландыруды дамыту және адами капиталды
арттыру мәселелері негізгі бағыт ретінде көрсетілген. Алдағы уақытта
өңірлердегі жұмыс күшейтіліп, ұйымның құрылымын қалыптастыру жалғасады.

