Елордада атақты Корей суретшісінің бірегей көрмесі ашылды

Германия, Италия енді міне Қазақстанда! Елордада  сия кескіндемесінің шебері Пак Дэ Сонгтың «Мәңгілік» атты жеке көшпелі көрмесі ашылды. Шетелдік көрерменнің қошеметіне бөленіп жүрген суретші қазақстандықтарға өзінің бірегей 23 картинасын алып келді. Автордың айтуынша, көрмеге оның соңғы уақытта салған туындылары қойылған. Айта кетейік, шара Қазақстан мен Корея Республикасы  арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы, сондай-ақ 2022-2023 жылдарға арналған екі ел арасындағы мәдени байланыс жылын тойлау аясында ұйымдастырылып отыр.

Пак Дэ Сонг, суретші, Корея:

– Қазіргі таңда менің әртүрлі мемлекеттерде сапарым өтуде. Қазақстаннан кейін менің картиналарым АҚШ-та қойылады деп жоспарлануда. Картинаны салуға  әртүрлі уақыт жұмсаймын. Мысалы, қазір сіздер тамашалап отырған картиналар салыстырмалы түрде жақында салынды. Шабытты көбіне саяхаттардан аламын. Сіздердің елдеріңізден мысалы, мен кеше Ұлттық музейді аралап үлгердім. Осындай ерекше орындар мені шабыттандырады.