Қазақстандық бүлдіршіндер әліппемен қайта қауышты. Араға 5 жыл салып мектеп оқушылары әліппемен сауат ашатын болады. Оқулық ғалымдар мен білім саласы мамандарының жіті саралауынан өткен. Ондағы оқыту әдістемесі бұрынғыдан едәуір жеңілдеген және заманауи технологиямен қабыстырылған. Яғни онда QR кодтар енгізіліп, балаға әріп пен сөзді дыбыс арқылы да жеткізуге мүмкіндік бар.
Елдос Нұрланов, ҚР БҒМ Білім мазмұнын сараптау орталығының жетекшісі:
- Бұл бағдарламада әліппенің әріпке дейінгі, әріптен кейінгі ұлы ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әдістемесіне негізделген. Оңайдан қиынға бағытталғанын, яғни дыбыс, әріп, буын одан кейін сөз, сөйлем құрауға біздің бүлдіршіндер үйренетін болады.
Былтыр қашықтан оқытуға қарамастан, әліппе еліміздің 65 мектебінде пилоттық жоба ретінде өткізілді. Сынақтан сүрінбей өткен баспа қазір кітаптарды басуға кірісіп кеткен. Оқулықтар тамыздың ортасына дейін дайындалып, мектептерге жіберіледі.
Айта кетейік, бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппе» бағдарламасымен танысса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды.