Қазақстанда коронавирусқа қарсы тағы бір отандық вакцина клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты «QazCoVac-P» деп аталатын препаратты әзірлеумен бір жыл бойы жұмыс істеген. Сынақ екі кезеңмен өтеді. Оған 18 бен 50 жас аралығындағы адамдар ерікті түрде тартылып жатыр. Вакцина салынбас бұрын әрбір қатысушы жіті медициналық тексерістен өтуі тиіс. Зерттеудің екі кезеңіне жалпы саны 244 адам қатысады. Алғашында екпені 44 адамға салып көреді.
Нұрлан Әбілдаев, қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері:
- Бірінші біз 44 адамды жинаймыз, соның ертесіне саламыз. Скринингті аяқтауымыз керек, мейлі ол бір аптаға, он күнге созылсын. Жанама әсер барлық вакцинадағыдай температура, әлсіздік болуы мүмкін.
Берік Хайруллин, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері:
- 22 еріктіге вакцина, ал қалған 22 еріктіге плацебо егіледі. Алғашқыда қауіпсіздігі, кейін иммуногенділік деңгейі зерттеледі. Ал 200 адам болатын 2 кезеңде біріншіден иммуногенділік, кейін қауіпсіздігі зерттеледі. Плацебо салыстыру үшін қажет, онда натрий хлоридін пайдаланамыз. Біз вакцинаның адам ағзасына қалай әсер ететінін білуіміз керек.
Вакцинаны адамдарға салмас бұрын жануарларға тексерген. Препаратты адамға сынау әлдеқайда ауыр. Өйткені адам ағзасы вакцинаны әртүрлі көтеруі мүмкін. Мамандар оған жас ерекшелігі, әлеуметтік орта, иммунитет пен климат та әсер етеді деп отыр. Клиникалық сынақтар сәтті өткен жағдайда «QazCoVac-P» 21 күндік аралықпен егілетін болады. Сондай-ақ ғалымдар институтта коронавирусқа қарсы вакцинаның тағы үшінші нұсқасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.