Онда ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы бұйымдар технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберханасын салу жоспарда бар. Қолөнершілер қалашығының жалпы аумағы шамамен 9 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар оның аумағында қонақүйлер мен ас үйлер салынады деп жоспарланып отыр. Облыстық әкімдіктің хабарлауынша, алға қойылған мақсат өңірге тек туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, сондай-ақ, мәдениет пен мұраны сақтап қалу. Еске сала кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда отандық туризм саласын дамыту тұжырымдамасының жобасы қоғамдық талқылауда. Оның аясында осы қолөнер саласын дамыту көзделіп отыр. Елімізде ең алдымен қолөнершілердің ұлттық тізілімін қалыптастырып, олардың бұйымдарының стандарттарын әзірлеу жоспарланған. Сондай-ақ, бессаусағынан өнер тамған шеберлерге өнімдерін ілгерілету, оның ішінде шетелге шығару үшін электронды сауда алаңы құрылады.