Теңіз жұлдызы Патрик, Шаршы Шалбар, өртсөндіргіш Сэм. Көп ұзамай әйгілі анимациялық кейіпкерлер қазақша сөйлейді. «TiJi» және «Nickelodeon» арналары келесі жылы 675 сағат қазақ тілінде трансляция жасайды. Алғашқы эфир қаңтар айына жоспарланып отыр.
Болат Тлепов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
– Жалпы 2 телеарнаның 675 сағат аудармасына мемлекеттік бюджеттен 570 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл ретте аударманың тәрбиелік бағытына да көңіл бөлінетін болады. Nickelodeon жоспарымыздан тыс тағы 200 сағат қосып отыр.
Мультфильмдерді дубляждау «Қазақфильмде» жүргізілуде. Дубляж актерлері арнайы кастинг арқылы шетелдік компаниялардың сараптауынан өткен. Дубляждан кейін шетелдіктер өз туындыларының әр сериясын біздің тілге бейімдеп, қайта өңдейді. Қазақ тіліне аударуда әлемге танымал, жас ұрпақтың қызығушылығын оятқан мультфильмдерге басымдық берілді. «Әрбір материал жіті тексеруден өтіп, аударманың сапасына аса назар аударылады», - дейді мамандар.
Арууана Серікбаева, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Өндіріс қызметінің басшысы:
- «Чупи мен Дуду», «Робокар Поли», «Құбыжықтар», ертегілер, «Лиза мен Тёма» сынды 11 мультфильмді дубляждау үстіндеміз. «TiJi» бойынша 80% жұмыс атқарылып, 9 сериал толығымен дубляждалды. «Шаршы Шалбар» сериалының 265 сериясын дубляждап жатырмыз, қазір 80% дайын. Жұмыс желтоқсан айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, «Nickelodeon» арнасы 70 елде 22 тілде, ал «TiJi» 20 мемлекетте 14 тілде хабар таратады.