Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысымен танысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, «Астана арена» стадионын аралап көрді. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтеді. Отыз мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылды. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде орналасқан аккредиттеу орталығында болды. Президентке көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Өз кезегінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылардың дайындығы туралы баяндады.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
– Қазіргі таңда Ұлттық құрама дайындығы қызу жүріп жатыр. Бүгінде 295 спортшы дайындалуда. Олар 42 халықаралық және республикалық оқу-жаттығу жиындарынан өтті. 5-і шетелде, 37-сі елімізде. 32 турнирге қатысты. Оның 7-і шетелде, 25-і елімізде өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазанат» ипподромында болды. Мұнда ат спорты түрлерінен ойын-сауық жарыстары өтеді. Президент жамбы ату және теңге ілу сайыстары үшін арнайы жасақталған алаңды да аралап көрді. Айта кетейік, Көшпенділер ойыны 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Оған әлемнің 89 елінен үш мыңға жуық қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады. Сондай-ақ, дүбірлі дода аясында елордада 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.