Қазақстанда балаларға арналған «Сырым батыр» комиксі жарық көрді. Онда би, шешен, 1783-1797 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы Сырым Датұлы дәріптеледі. Жаңа туынды желісі бойынша сапарға шыққан әке мен бала «Сырым шыққан төбе» деп аталатын тұстағы кесенеге тоқтайды. Әкесі баласына қасиетті орынның тарихын әңгімелеп береді. Осы жерде даңқты қолбасшы саны мен күші басым жаудың бетін қайтарған. Комикс 2 000 данамен шыққан. QR-код арқылы кітаптың бейненұсқасын қарауға болады. Баланың жадына сақтауға сеп болсын деп арнайы тапсырма мен сөзжұмбақ ұсынылған.
Жантас Сафуллин, «Сырым батыр» комиксінің авторы:
- Комикс болса да мәтіндері өлеңмен құрылғаннан кейін, бала оны оқыған кезде миына оқиғаны жылдам жаттап алуға ыңғайлы болуы үшін мәтінін өлең формасында бердік. Суреттерінде тарихи тұлғаларымыздың келбеттерін мүмкіндігінше ұқсастыруға тырысып бақтық. Бұл комикстағы оқиға желісінің барлығы да шынайы тарихи оқиға. Мұның ешқайсысы да былайшы айтқанда ойдан, қиялдан құрастырылған емес, барлығы да қазақ тарихындағы болған оқиғалар.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

