Нұр-Сұлтанда BIZZ Awards марапаттау рәсімі өтеді

Қазақстанда жеке кәсібін жаһандық деңгейде дамытып жүрген бизнесмендер бас қосады. Елордада The Bizz Awards халықаралық жүлдесінің иегерлері анықталады. Дәстүрлі шараға биыл әлемнің 50-ден астам елінен 250-ге тарта бизнес қауымдастық өкілі қатысады деп күтілуде. Таңдаудың Қазақстанның бас шаһарына түсуі де бекер емес. Келелі кеңестердің ордасына айналған Нұр-Сұлтан қаласы Орталық Азияның іскерлік хабы саналады. Сондықтан да, елордада MICE шаралар ұйымдастыру, яғни бизнес туризмі бағытына қан жүгіртуге басымдық беріліп келеді. Ол үшін қала инфроқұрылымы мен әлеуеті жеткілікті дейді, сала мамандары.

Жалғас Молжігіт, Astanainvest Басқарма Төрағасының орынбасары:

– Біздің бір мақсатымыз – ол осындай үлкен конференциялар немесе форумдарды біздің қаламызда өткізіге ұсыну және оларды осы жерге тарту.  Аса қатты дамып жатқан сол майс бағыты. Қазіргі таңда біздің қаламызда 5 жұлдызды, 4 жұлдызды сетевой отелдер көп. Негізінде сол бизнес туризмнің дамуына барлық жағдай жасалған. Тағыда үлкен көрмелер өтетін ғимараттар салынған. ЭКСПО-2017 ішінде халықаралық көрме орталығы бар. Ол Орталық Азиядағы ең үлкен көрме орталығы болып саналады. Өткен 2021 жылы туризмді дамытуға  37 миллиард теңге инвестиция құйылған.

Бұл орайда айта кетерлігі, пандемия салдары азайып, эпидахуал жақсарғалы Нұр-Сұлтан қаласына ішкі туризм - 88, ал сырттан саяхаттап келушілер ағыны 30%-ке артқаны байқалады.  Ал ел бойынша биыл шетелдік туристер саны 1 миллионға жетеді деп күтілуде. 74 елмен визасыз режим тәртібі жанданып, жыл соңына дейін ондай мемлекеттердің санын 100-ге жеткізу жоспарланған.  

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов