Астанада инклюзивті қоғам құру идеясын қолдаушылардың басын қосқан үшінші
«Run for Autism» қайырымдылық жарысы өтті. Спорттық шараға 3 мыңнан астам адам
қатысты. Марафонға Алматы, Қарағанды, Павлодар, Жаңаөзен, Жезқазған, Орал және
Петропавл қаласынан келгендер де бар. Тіпті Лондон, Мәскеу, Стамбулдан да
қолдаушылар табылды. Шараны серіктестердің қолдауымен «Болашақ» корпоративтік
қоры ұйымдастырды. Мақсат - қоғамға аутизм туралы көбірек ақпарат беру. Саламатты өмір салтын дәріптеп, ерекше қажеттілігі
бар балаларды қолдау мен олардың өмір сапасын жақсарту. Қайырымдылық шарадан жиналған қаржы инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға
жұмсалады.
Динара Гаплан, «Болашақ» қоры
қамқоршылар кеңесінің төрағасы:
- Ерекше қажеттілігі бар адамдардан бөлек, жарысқа есту қабілеті бұзылған 20
азамат қатысады. Сал ауруына шалдыққандар да бар. Сонымен қатар, шетелдік
компаниялар мен дипломатиялық миссияның өкілдері де жарыс жолына шықты. Бір
сөзбен айтқанда қатысушылар қатары артып келеді. Себебі мұндай игі шараға
көпшілік қолдау көрсетуді жөн санайды».
Елдос Иманбаев, Марафонға қатысушы:
- Осы шараға екінші рет қатысып тұрмыз. Осындай іс шаралар қоғамның назарын
осы тақырыпқа аударады. Және ерекше бала өсіріп жатқан, ерекше балалары бар
ата-ананы қолдау. Мұндай іс шаралар тек қана спорт деп есептемеймін, осы жерде
танысып, бірігіп шабыт алатын жер деп есептеймін.

