Дәстүрлі шара биыл күзде Германия елінде өтеді. Шебердің ерекше кинетикалық өнер туындылары Қазақстанның ұлттық павильонын безендіру үшін қолданылады. Қазір суретші көрмеге барынша тыңғылықты қамдануда. Айтуынша, өнердің бұл түрі оңай ға түспейді. Ойыңды жүзеге асыруға бір жылға дейін уақыт кетуі мүмкін.
Әнуар Шаймергенов, суретші:
- Ойымды жүзеге асыру барысында әрдайым менің инженерлік және дизайнерлік қабілеттерім өзара үндестік құрады. Идеямды өрбіту үшін дизайнерлік білімім көмекке келеді. Түрлі нұсқаларын ой елегімнен өткіземін. Кейін қортылған ойымды іліп әкетіп нақты жүзеге асыру үшін инженерлік тәжірибем іске қосылады. Физикалық заңдарға сәйкес келуін зерттей бастаймын. Ол мүмкін болса, идеямды дүниеге әкелуге кірісемін. Ол үшін де біраз уақыт кетеді.
«Көңіл күйі», «бұлттар», «шаңырақ», «дала биі». Әнуардың осындай бірегей қондырғылар жасауға ден қойғанына үш жыл болыпты. Бастапқыда құр ермек еткен әуестігі бүгінде кәсіпке ұласып, он саусағынан өнер тамған шебер сәндік қолданбалы қолөнер туындыларын дүниеге әкелуде. Ерекше кинетикалық құрылыстар сауда орталықтары мен мейрамханаларды безендіру үшін кәдеге жаратылуда. Снымен қатар, түрлі көрмелерде ұсынылады. Оның жұмыстары концерттер мен тұсаукесер шараларында көрнекі бейнелер жасауда да пайдаға асып жатыр.
Әнуар Шаймергенов, суретші:
- Бұл мүсіндердің жаны бар сияқты. Өйткені, үнемі қозғалыста болады. Сондай-ақ, жел сынды табиғи күштің әсерімен үнемі қуатталып тұратын энергиямен жұмыс істейтін кинетикалық мүсіндер жасаймын. Адамдарға менің туындыларым ұнайтын сияқты.Себебі, оларды көрген жан әрдайым суретке түсіріп, бейнекамераға жазып, әлеуметтік желілерге жүктеп жатады. Бұл кез келген ғимарат, мұражай немесе суада орталығы үшін ерекше жарнама көзі деуге де болады.
Дизайнер жұмысында ағаш, темір, тас, қағаз, пластик, әйнек сынды әртүрлі материалдарды қолданады. Қоөнер шеберінің қиялы мен идеясының шегі жоқ. Бастысы – барлық инженерлік есептеулерді сақтау арқылы өнер нысанын жандандырып, қозғалысқа келтіре білу қажет.