Қазақстанда медициналық туризмді дамыту

Қазақстан келешегі зор туристік бағыттардың бірі – медициналық туризмді дамытуға ниетті. Ол үшін тіпті елде арнайы қауымдастық құрылды. Ол бірден бірнеше тапсырманы орындайды. Оның ішіндегі ең негізгілерінің бірі - саладағы заңнамалық өзгерістерге бастамашылық жасау және пациенттерді отандық емханаларға жүгінуге жағдай жасау.

Ержан Балтаев, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы:

 – Елімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша 5 мыңға жуық медициналық турист келген. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Біздің негізгі мықты медициналық салаларымыздың қатарында стомотология бар, сондай-ақ кардиохирургия, нейрохирургия, имплантация, кейбір мүшелерді трансплантациялау, сонымен қатар экологиялық ұрықтандыру бағыттары біздің артықшылығымыз болып отыр.

«Қазақ туризм» ҰК басшысы Талғат Аманбаевтың айтуынша, шетелдік науқастардың біздің емханаларда емделу мен диагностикалаудан өтуді таңдауы бекер емес. Оның бірнеше себебі бар.

Талғат Аманбаев, «Kazakh torism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

– Біздің артықшылықтарымызды атап өтетін болсам, ол бірінші кезекте баға жағынан салыстырмалы түрде бізде арзанырақ. Сондай-ақ операциядан кейін, пластикалық операциялардан кейін қайта қалыпқа келу үшін табиғатымыз пайдалы. Жалпы, шетелдік турист үшін де, медициналық турист үшін де орташа баға өте тиімді. Біз қазір ұсынып отырған екінші мәселе – ол мемлекеттік қолдаудың арнайы шараларын жасау. Мысалы, мемлекеттік тапсырысты тек белгілі бір санатқа жауап беретін санаторийлерге ғана беруді ұсынып отырмыз. Тиісінше, олардың басқалардан артықшылықтары болады. Мен өз тарапымнан жаңа орталықтардың дамуы үшін арнайы медициналық аймақ құруды ұсынамын.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде республикаға медициналық қызмет алу үшін көбіне жақын орналасқан мемлекеттердің азаматтары келеді. Түскен қаражат ең алдымен, технологияларды жаңартуға және медицина қызметкерлерін оқытуға бағытталады. Елімізде Нұр-Сұлтан қаласы шетелден келетін ем алушылардың саны жағынан үздіктер қатарында екенін айта кеткен жөн. Бас шаһарда жетекші диагностикалық орталықтар мен клиникалар шоғырланған. JCI бойынша аккредиттелген 8 емхананың 6-ы елордада орналасқан.