Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырылады. ҚР СІМ инвестициялық ахуалды жақсарту қамындағы іс-шаралар кешенін әзірледі. Елге сырттан құйылатын қаржы ағынын ынталандыру, шетелден инвестиция тарту үрдісіндегі әкімшілік-құқықтық кедергілерді жою мен инвесторлармен өзара қорғау туралы жаңа келісімдер жасау тетіктері қарастырылған бағдарламаны Үкімет басшысына СІМ таныстырды. Әлихан Смайылов сондай-ақ ҚР Ішкі істер және Индустия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің 2022 жылға арналған Үкімет бағдарламасы бойынша ұсыныстарын тыңдады. Өз кезегінде Ішкі істер министрі полицейлердің құқықтық қорғалуын және инфрақұрылым нысандары мен материалдық-техникалық базасын қалыптастыру қажеттігін тілге тиек етіп, модульдік стационарлық және учаскелік полиция бекеттерін салу мәселесін көтерді. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ішкі нарықта импортты алмастыру, тұрғын үй құрылысы саласын жетілдіру, жолдардың сапасын арттыру және ШОБ-ты дамыту бойынша реформалар жүргізбек.